1. Ресурсы
  2. Рефераты на казахском
  3. Қазақ тілі
  4. Оқушылардың тіл мәдениеті

Оқушылардың тіл мәдениеті

Тіл қарым-қатынас құралы. Адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып өткен емес. «Өнер алды - қызыл тіл» деп қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне үлкен мән берген. Қазіргі таңда тіл мәдениетінің көкейтестілігі арта түсті.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасында»: «Тілді дамыту - Қазақстан Республикасы мемлекеті саясатының аса өзекті бағыттарының бірі» , сондай-ақ «Мемлекеттік тілді оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу керек»2 делінген. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» - деп тұжырымдайды.

Ал қазақ халқының тіл келешегі мектеп оқушыларында. Біз көптеген ғылыми-педагогикалық   әдебиеттерді,   мерзімді   баспасөз   ақпараттарын талдап-зерттей   келе,   бүгінгі   күнгі   оқушылардың   сөз   саптауы   көңіл аударарлық     көпшілігінің    тіл    мәдениеті    төменгі     деңгейде     деген қорытындыға   келдік.   Олар   өз   ойларын   дұрыс,   түсінікті   етіп   жеткізе алмайды, «жаңағы», «әлгі», «немене», «неғып», «мысалы» деген сияқты басы артық бос сөздерді көп қолданып, ойын шашыратып жібереді. Кейбірі орысша     сөздерді     қосып,     араластыра     сөйлесе,     бірі     жаргонмен диалектілермен сөйлегенді сән көреді. Бұл мөселе туралы көптеп айтылып та,   жазылып   та   жатыр.   Мысалы   педагогика   ғылымының  докторы И. Нұғыманов пен 3. Қашқынбаева: «Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін, сөйлеу мәдениетін, әдебін қалыптастыру педагогиканың қазіргі кездегі көкейтесті мәселелерінің бірі

болып   табылады»   -    десе5,   Ш.Беркімбаева   өз   мақаласында   былайша тұжырымдайды:    «Қазақ    мектептерінің    өзекті    мәселелерінің    бірі оқушылардың тіл мәдениетін көтеру, сауатты жаза алатын, өз ойын айқын жеткізе алатын азамат тәрбиелеу...»

Біз осы мәселені зерттеу тақырыбы ретінде ала отырып, алдымен тіл мәдениеті дегеніміз не деген сұраққа жауап іздедік. Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді талдау барысында бұл мәселені көптеген ғалымдар зерттеп-қарастырғаны  белгілі  болды.   Солардың  ішінен педагогикалық  сөздікте берілген   мынадай   анықтама   көңілімізден   шықты:   «Оқушылардың   тіл мәдениеті – оқыту  үрдісі мен адамдардың тілдік қарым-қатынасы негізінде жазбаша және ауызша тілді игеру деңгейі. Оған тілдің мағыналылығы, ойлылығы, байлығы, көркемдігі мен жалпытілдік нормалардың сақталуы тән»3. Ал бұл мәселені жан-жакты зерттеген Л.И.Ожегов: «Тіл мәдениеті -бұл өзінің ойын дұрыс, дәл және мәнерлі жеткізе алу білігі. Дұрыс сөз дегеніміз әдеби тіл нормасы сақталған сөз. Тілдің нормасы – бұл  коғамдық сөйлеу тілі тәжірибесінде қабылданған жалпы тілдік сөйлеу, грамматика, сөз қолдану ережесі. Ойын жеткізуде дәл әдіс таба білу ғана емес, сондай-ақ орынды сөйлеу» - деп тұжырымдайды .

Сонымен, тіл мәдениеті дегеніміз – оқыту  үрдісінде, отбасында, жалпы адамдардың өзара қарым-қатынасы негізінде жазбаша және ауызша тілді игеру деңгейі. Ойды дұрыс, түсінікті, анық, дәл, әсерлі әрі әдеби тіл нормасын сақтай, тіл тазалығын сақтай жеткізе білу шеберлігі.

Зерттеуіміздің келесі кезеңінде біз қазіргі оқушы жастардың тіл мәдениеті деңгейінің төмен болу себебін іздестірдік. Жазушы Ә. Әбішев бұл туралы былай дейді: «Жастар ізденбейді, ағаларын оқымайды, олар қазақ әдебиетін оқымайды... Жастар сөйлемді әтейі бұзып жазады, олар ерекшеліктің белгісі түсініксіз жазу деп ойлайды... Тіл мәдениетінің төмен болуына ғылыми-техникалық прогрестің де әсері бар", - десе5, И. Нұғыманов: «Оқушылардың тілінде болатын кемшіліктердің себептері:

1. Ортаның әсері; а) оқушының сөйлеуіне жергілікті тіл немесе басқа тіл әсер етеді, ә) көшенің әсері (дөрекі, былапыт тіл), б) пән тілінің нормаларын жақсы меңгермеген мұғалімнің әсері;

2.    Сөйлеу    дағдыларының    жоқтығы    (мектептің    тіл    дамытуға немқұрайлы қарауы);

3. Жекелеген оқушы тіліндегі кемшілік (сақаулық, быдықтық, мыңғылдық, т.б.)» - деп көрсетеді5.

Сондай-ақ М. Балақаев, Т. Қоңыратбаев, С. Қирабаев, Ш. Беркімбаева, Н. Уәлиев тағы да басқа ғалымдардың зерттеулерін негізге ала отырып, оқушы жастардың тіл мәдениетінің төмен болуының себептері деп, біз төмендегілерді сараладық:

1.   Көркем  әдебиет  оқуға деген  оқушылардың  қызығушылығының төмендігі.     Тіл     мәдениетіне     жастарды     тәрбиелеу     көркем     әдеби шығармаларын көптеп оқумен байланысты. Көркем әдебиетті аз оқитын адамның сөздік қоры аз болады, соған орай олардың сөйлеу мәдениеттілігі мен өз ойын логикалық баяндауы да төмен екендігі байқалады;

2.   Мәдени  орталықтарға бару,  ол туралы  пікірлесудің  өте  сирек кездесетіндігі;

3.     Ата-аналардың     балаларының     тіл     мәдениетіне     жете     мән бермеушілігі;

4. Тілдік ортаның әсері;

5.  Тіл мәдениетін қалыптастыруды тек қазақ тілі сабағына міндеттеп, басқа пәндерді бұл мәселеден мүлдем бөліп тастаушылық;

6.    Бастауыш   сыныпта   казақ   алфавитін   терең   меңгермегендігін ескермей, орыс тілі, шетел тілі пәндерін қосып үйрету. Бірнеше тілді игеру ауыр тиетіндігіне көңіл бөлінбеу;

7.  Кей мүғалімдердің өздерінің тіл мәдениетінің төмендігі. Мұғалімнің оқушы алдында сөйлейтін сөзін ешбір оқулықпен айырбастауға болмайды. Оқушы мұғалімді тыңдағанда одан білім алумен қатар сұлу, көркем, анық, түсінікті сөйлей білуге үйренеді;

8.  Отбасы тәрбиесінде ұлттық педагогиканың, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тар шеңберде қолданылуы;

9. Мұғалімдердің көпшілігінің бұл мәселеге арнайы көңіл бөлмеуі т.б. «Тіл мәдениетіне жету жолы ұзақ әрі қиын» - дейді ғалым М. Балақаев.

Оның негізі отбасында, балабақшада қаланады.

Баланың тіл мәдениетін қалыптастыруда отбасының орны ерекше. Қазақтың ұлы жазушысы М. Әуезов: «Ұлт болам десең - бесігіңді түзе деп бекер айтпаған. Осы жерде А. Байтұрсынұлының «Тәуелсіз, дербес өмірге өзінің ана тілінде сөйлейтін және төл әдебиеті бар халық қана таласа алады» деген сөзі ойға келеді. Ал балаға ана тілінің құдіретін ана сүтімен беретін   отбасының   балаға   тигізер   әсері,   басқа   ықпалдардан   биігірек тұратыны белгілі. Отбасы жасөспірім үшін әрі тіршілік ету ортасы, әрі тәрбиелік орта болып табылады. Бала өмірінің алғашқы кезінен-ақ басқа әлеуметтік тәрбие әсерлерімен салыстырғанда ата-ананың орны ерекше болады. Баланың алғашқы былдырлаған тілінен жоғары мәдениетті тілін қальштастыруда ата-ананың ролі үлкен. Әр отбасы бала тіліне немқұрайлы қарамай, үлкен мән беріп, жауапкершілігін түсіне отырып әрекет етуі тиіс. Өкіншке орай қазірде балаларының сөз саптауына ата-аналардың көбі көңіл бөлмейді. Бұл туралы Т. Мейірманкұлова өз мақаласында былай дейді: «Ата-аналар балаларының ана тілінде жарық көрген көркем шығармаларды, баспасөз басылымдарын оқуларын қадағаламайды, талап етпейді. Отбасында жасөспірімнің телехабарды, фильмдерді бөгде тілде тамашалап, халық әндерін тыңдаудан бас тартып, өзге әуенге еліктегендігін байқаса да ескерту жасамайды. Егер отбасында осы мәселеге көңіл бөлініп отырса, мәнгүрттігіміздің көңілін оятып, көзін ашар едік» .

Сонымен біздің зерттеуіміз қарастырып отырған мәселенің бүгінгі күні ерекше қажет екендігін көрсетіп отыр.

 

ӘДЕБИЕТ

1.   Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасы». (1998 жыл 5 - қазан).

2.   Тілдерді   қолдану   мен   дамытудың   2001-2010   жылдарға   арналған мемлекеттік бағдарламасы.

3.   Педагогический словарь. М.: Изд-во Акад. Пед. Наук, 1960. - 774 с. –

4.   Ожегов   Л.И.   Лексикология.   Лексикография.   Культура   речи   /  Л.И. Ожегов. - М.: Высшая школа, 1974. - 352 с.

5.   Мейірманқұлова Т. Отбасы және тәрбие / Т. Мейірманқұлова // Ұлт тағлымы. - 2001. - № 7.- Б.5.

  Қазақ тіліндегі рефераттар - Қазақ тілі


Яндекс.Метрика