1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>


Болғанбаев Жұбандық

Басып шығару E-mail

Өлкеміздегі кеңес үкіметін орнату жолындағы күрескер Ж. Болғанбаев жайлы облысымызға аты белгілі тарихшы З. Қайсенов ағамыздың «Шығыс Қазақстан облысының тарихи очерктері» кітабында біршама баяндалған.
Жоғарыдағы З. Қайсеновтың жазғанынан белгілі болған өлкемізде кеңес үкіметінің орнауына мол үлес қосқан жерлесіміз, қазақтың сол кездегі оқыған, патриот азаматы Ж. Болғанбаев туралы, жалпы кеңес үкіметін орнату жолында күрескен қазақтар туралы бүгінгі жастар, бүгінгі жастар тұрмақ өзіміз де біле бермейміз. Біздің кітапхана қорындағы Алматыдан, Қазақ ССР-нің Ғылым Академиясының баспасынан 1962 ж. шыққан «Из истории Октябрьской революции и гражданской войны в Казахстане» атты кітабында осы олқылықтың орнын толтырар Ж. Болғанбаев атамыз жайлы деректер бар. Ол деректердің авторларының бірі Қ. Бейсекенов 1894 ж. бұрынғы Семей облысы, Өскемен уезінде туған, кейін Шығыс Қазақстан облысы, Семей ауданы, Жамбыл атындағы колхозда тұрған. Екінші автор қарт мұғалім С. Қасиманов та 1897 ж. бұрынғы Семей облысы, Өскемен уезіне қарасты Құлынжүн болысында туған. Ол кісілердің Ж. Болғанбаев туралы жазғандары сөз жоқ, құнды дүниелер.
Сонымен Жұбандық. Болғанбаевтың кім болғандығы жайлы білгіңіз келсе, төмендегі құжаттармен танысыңыз.
Естен кетпес екі оқиға
Қ.Бейсекенов.
I. От құшағында
1917 жылдың декабрь айы, Семейден біздің ауылға Жұбандық Болғанбаев келді. Ол ауыл адамдарын болыс кеңсесіне жинап «Патша өкіметі жойылды, өкімет жұмысшы мен шаруаның қолына көшті. Енді барлық мал, жер бүкіл халықтың ортақ меншігінде болады. Бай, кулак, манаптар жойылады. Олардың малдары мен жерлері шаруаларға беріледі» деп халықты патшалық өктемдікке, бай, болысқа қарсы күрес жүргізіп, совет өкіметін орнатуға шақырды.
Ж. Болғанбаевтың басшылығымен 35-40 кедейден отряд құрылды. Өз өтінішім бойынша мені де отряд мүшелігіне қабылдады. Отряд болыс кеңсесін күшпен басып алды.
Бірақ ауылдағы байлар жаңа құрылған ауылдық советке бағынбады. Олар ел ішіне іріткі салды. Ауылдық советтің жер, мал туралы шараларының іс жүзіне асырылуына барынша бөгет жасады. Байлар орыс селоларында тұратын кулактармен сөз біріктіріп, орыс, қазағы бар 130 шамалы кісімен келіп, жергілікті советке шабуыл жасап, Совет кеңсесіне өрт қойды. Жергілікті советтің председателі Ж. Болғанбаевты балтамен аяғын жаралап ұстап алып, совет кеңсесімен бірге өртеп жіберу үшін отқа тастады. Ол қайрат көрсетіп оттан қайта шықты. Аяғынан қан ағып жүр. Шашы, кірпігі, сақал-мұрты күйіп кетіпті. Болыс пен байлардың жасақтары халықтың қарсылығын күшпен басып, Болғанбаевты тағы да отқа лақтырды. Алғашқыдай емес денесі жалынға шарпылып, әлсіреп от шеңгелінен өмір құшағына Жұбандық зорға жетті. Мейірімнен жұрдай тағылық қолдар жан түршіктірген сұмдығын үшінші рет қайталауға қарманып жатқанда мен де тұра алмадым, ел де шыдай алмаса керек, құтқарып алуға жан ұшыра лап қойдық. Топты жара Иван Петров бастаған Казнаковка селосында көрші тұратын орыс жігіттері де жетті. Көпшіліктің қаһарынан сескенген байлар мен билер, ақ казактар және олардың қолшоқпарлары амалсыз райынан қайтып тарай бастады. Мен, Петров, Кунгурсов үшеуміз Болғанбаевты көтеріп біздің үйге кіргіздік. Аяғының кесілген жеріне киіз күйдіріп басып, таңып тастадық. Отқа күйген киімдерін шешіп, күйген жерлеріне май жағып орадық та түнде көлікпен Көкпекті ауруханасына жөнелттік.
II. Сәтті кездесу
Ауылда бұрынғы болыс үстемдігі қайта орнады. Болғанбаевпен істес болғандарды қудалай бастады. Мені болыс милиционері Колчак армиясында әскерлік міндетіңді өтейсің деп Өскеменге қүштеп апарды. Медициналық комиссияда «аурумын, есім дұрыс емес» деп қолдан келген айла-амалды қолданып, бір жарым айдан кейін ауылға қайтып келдім.
Бұл уақытта елде Колчак армиясына арнап түйе жинап жатыр екен. Болыс старшинасы жиналған 14 түйені Семейге айдап баруға мені жұмсады. Түйелерді айдап Өскеменге келдім. Мұнда уездік бастықтың бұйрығы бойынша басқа болыстардан келетін түйелерді екі күн тостым. Түйе айдап Ұланнан Абылмәжін Мысықбаев, Күршімнен Мейрам Күйікбаев, Сүлеймен Тойбасов келді. Барлығы 72 түйені айдап Семейге бардық.
Колчактың арнаулы орындары бізге «түйелерді Бесқарағай деген жерге бағыңдар, керек болғанда хабар береміз» деген тапсырма берді. Әр уезден түйе айдап келушілер көбейді. Түйенің саны 700-ге жетті. «Жақында өткіземіз» деп үміттеніп жата бердік. Бірақ ешбір хабар болмады. Түйешілер кезектесіп Семейге барып, керекті заттар сатып алып тұрдық. Бір күні Семейге барып таныс кісілерден жақында қызылдар келетінін Колчак армиясының талқандалғанын естідім. Мен қосқа қайтып келсем, басқа уездерден келгендердің бірқатары түйелерін тастап кетіп те қалыпты. Жігіттер түйелерді бір табынға жинады.
Бір аптадан кейін Семей ақтардан азат етілді. Мен Семейге бардым. Қызыл Армия бөлімдерінің басшыларына кездесіп жағдайымды айттым. Ол «түйелерді айдап кел, қызыл әскерлердің керегіне жаратамыз. Өзің бізбен бірге жүресің. Ендігі бара жатқан жағымыз қазақ аудандары бізге жол көрсетесің» деді.
Бұйрық алғаннан кейін атыма мініп қосқа келдім. Жігіттерге барлық жағдайды баяндадым. Олар «түйелер нағыз иелеріне тап болған екен. Халық тілегіне пайдаланылатын болыпты» деп қуанысты. Түйелерді айдап Семейге келдік. 4 күннен кейін жаудың ізіне түсіп жолға шықтық. Мен жол көрсетуші және барлаушы болдым.
Шөп тасушы шал болып екі өгіз жеккен арбамен Аякөзге барып, жаудың бекінісін анықтап келдім. Қызыл әскер бөлімдері соғысқа дайындалып, бір күннен кейін Аякөзге шабуыл жасады. Жау қаланы тастап, Жетісуға қарай қаша женелді. Біздер барлауды күшейтіп, артынан жүріп отырып Жоңғар тауына келдік. Сол жерде жау Қытай жеріне өтті. Біздер кейін қайттық. Аякөзге келгеннен кейін командир маған алғыс айтып үйіме қайтарды.

Болғанбаев кім?
С.Қасиманов.
Семейде шығатын «Трудовое знамя» газетінің редакциясына 1918 жылы апрель айында Көкпектіден берілген, информатор Қамбаров қол қойған телеграммада Жұбандық Болғанбаев өзінің бай-жуандардың өлтірмек болған әрекетінде жараланып, Көкпектіге қашып келіп, амалсыз жасырынып жүргендігін хабарлаған. Бұл документ Болғанбаевтың байларға қаны қас адам екендігі жөнінде дерек береді. Шығыс Қазақстан облысындағы Бұхтарма, Самар, Күршім аудандарының еңбекшілері Жұбандықтың өз аузынан естіп, күні бүгінге дейін айтып жүрген:
Әкем  менің Болғанбай,  Майса  шешем,
Өзім қараш болғалы алған есем:
Зар жылаған кедейдің көзін ашып,
Қанын сорған байлардың қарнын тесем -
дейтін бір шумақ өлеңі де біздің жоғарыдағы дерегімізді толықтырып, дәлелдей түседі. Сөйтсе де Жұбандық кім еді, оны ауыл шонжарлары неге қуғындайды, не үшін, қайда жараланды? «Кедейдің көзін ашып, байлардың ішін жарамын» деп алдына қойған мақсатын қаншалықты дәрежеде орындай алды? Бұл сұрақтарға толық жауап алу үшін Жұбандықтың басып өткен өмір жолымен танысқанымыз жөн.
Жұбандық Болғанбаев 1863 жылы Семей губерниясы, Өскемен уезіне қарасты Құлынжүн болысының Қараш деп аталатын кедейлер ауылында туады. Әкесі Болғанбай бар өмірін орыс деревняларындағы кулактарда малайлықта жүріп өткізеді. Жұбандық 5 жасқа келгенде әкесі қайтыс болады. Жесір шешесінің жетегінде, әр байдың босағасында жүріп, Жұбандық қаршадайынан жетімдіктің тақсіретін тартады. 1881 жылы орыс-қазақ мектебіне болыс басы 2 бала беру туралы бұйрық болады да, Құлынжүн болысынан Жұбандық жіберіледі. Онда да оқысын, адам болсын деген ниетпен емес, әр болысқа түскен салықты кедейлердің, панасыз жетім-жесірлердің есебінен төлейтін ежелгі әдеттері бойынша аңғармай жақсылық істейді. Жастайынан тұрмыстың ыстық-суығын көріп өскен Жұбандық әрі зерек, әрі ойындағысын жасқанбай тіке айта алатын өжет оқушы болады. Көктеректегі орыс-қазақ мектебін бітірер жылы (1881) 18 жастағы Жұбандыққа оқу министрлігінен келген инспектор мен мектеп дирекциясы «Ақ патшаның адамдарына қарсы сөйледің» деп 25 қамшы дүре соқпақ болады. Сондықтан Жұбандық қашып Өскемен, Семей қалаларына тығылып жүріп, тағы да оқу іздейді.
1883 жылы Өскемен қаласының қасында «Желді өзек» деген жерде тағы бір орыс-қазақ интернат-мектебі ашылады, Аз да болса сауаты бар Жұбандық қаладағы орыс достарының  жәрдемімен сол мектепке түсіп, оны 1887 жылы бітіріп шығады. Оқуды бітіргеннен кейін сол Өскемен қаласындағы бітімші сотқа (мировой судьяға) тілмаш болып орналасады.
Мұнда 3—4 жыл істеген соң, бітімші сот оны «патша ағзамға ниеті адал емес адам» деп жұмыстан шығарып жібереді.
Жұбандық осыдан кейін көп жылдар бойы орман күзетшісі болып істейді. 1905 жылы басталған бірінші орыс революциясын жақтағаны үшін Жұбандық 1906 жылы Иркутскіге, одан кейін Ақмолаға жер аударылады. Жұбандық айдауда жүріп ұлы орыс халқының алдыңғы қатарлы демократтарымен, орыс жұмысшыларының революциялық қозғалысымен, Ленин партиясының идеяларымен танысады.
1916 жылы қазақ даласын сілкіндірген ұлт-азаттық көтерілісіне айдаудан келген Жұбандық Болғанбаев та белсене қатынасады. Болғанбаев бастаған ауыл кедейлерінің жасағы Өскемен өлкесіне аты-шулы болған қанішер ақ казак атаманы Щербаковтың отрядімен айқасады. Ол соғыс «Өтеміс қырғыны» деп аталады. Осыдан кейін Жұбандықты Омбы қаласына тағы жер аударады.
1918 жылдың бас кезінде Жұбандық елге қайтып келді. Жұбандық ұйымдастырған кедейлер Құлынжүн болысы, Дүмшебай бидің ауылына шабуыл жасап, болыстық кеңсені тартып алып, Болғанбаевтың басшылығымен совет өкіметін орнатады. Құлынжүнде болыстық совет сайлауы өтіп, Ауфара Байқазақ, Мұқамед, Оқас сияқты жалшылар болыстық советтің мүшесі болады. Болыстық советтің шешімі бойынша Дүмшебай болыстың барлық іс қағаздары және патша әулетінің суреттері отқа өртеледі. Болыстық совет үйінің үстінде қызыл ту желбірейді.
Саяси биліктен айрылған Қожатнар, Омар, Дүмшебай, Қайрамбай, Мұқамеджан деген бес болыс бірігіп Жұбандықты өлтіруге ұйғарады. 1918 жылы жазға салым олар 130 шамалы казак бандыларымен келіп Жұбандықтың үйіне, советтік кеңсеге шабуыл жасайды. Осы соғыста Жұбандық, Сүлеймен Макеев, Ауфара ауыр жаралы болады (С. Макеев казір тірі - Самар ауданында тұрады). Байлардың қолшоқпарлары Жұбандықтың қорасына, болыстық советтің кеңсесіне өрт қояды. Тап сол кезде болыстық совет кеңсесіне 10—15 шақырым жердегі Казнаковка деген орыс деревнясының кедейлері түгел атқа мініп жаралы Жұбандықты жаудан құтқарып алып қалады да, Көкпекті селосына жеткізеді. Жоғарыдағы телеграмманың мән-жайы осы еді. Жұбандық бұдан кейін де әлеуметтік теңсіздікті жою жолында бай-билермен, буржуазияшыл-ұлтшылдармен табандасқан күрестерде талай қуғындауға, қауіпті қастандықтарға кездеседі. Алашордашылар оған «Найман елінің қарғыс атқаны» деп ат қойып айдар да тағады. Нендей қиыншылық бөгеттер кездессе де оған мойып жатқан Жұбандық жоқ. Ежелгі әдетінше Никита Иванович Тимофеев, Г. Г. Подгорнев сияқты Шығыс Қазақстанға белгілі большевиктермен бірлесе, солардан ақыл, нұсқау ала жүріп еселенген жігермен іс жүргізе береді.
Азамат соғысы жылдарында Жұбандық Болғанбаев Бұқтарма, Өскемен уездерінде ұйымдасқан қызыл партизандар жасақтарына азық-түлікпен, ат-көлікпен көмек беру жолында қазақ кедейлерінің арасында көптеген жұмыстар жүргізді. Жұбандық Болғанбаев 1919 жылы ел ішіндегі кедейлерден 11 жігіт таңдап алып, Омбы қаласындағы № 26 дивизияның 11-қазақ полкіне жауынгерлікке аттандырып, дивизияға қазақ еңбекшілері атынан хат жолдап, онда Дутов пен Анненков жендеттерінің қалдығы мүлдем жойылуына қазақ еңбекшілері барынша көмектесетіндігін мәлімдеп, сонымен 6ipre олардынң Қазақстан өлкесіне тез жетуін өтінген.
Осы 11 ерлердің қатарында болған қарт коммунистер Болсаев, Мұқамбетов, Алибаев жолдастар былай дейді (Бұлар қазір Самар ауданы, Аманкелді, Жамбыл атындағы колхоздарда тұрады): «Біз 11 жігіт 11 жақсы ат мініп бардық. Қару-құралды да Жұбандық тауып берген. Бізді барысымен Омбы қаласының жанындағы Боголовск деген жерден 26 дивизияның IІ қазақ полкына қарасты I эскадронның 2 взводына қосты. Полк командирі Лебедев деген қарт коммунист екен. Біз кешікпей Бииск деген қаладағы ақ бандыларды жоюға қатыстық. Сол 11 жігіттен 1921 жылы 6 адам аман-есен осы Семей ауданына, өз ауылымызға қайтып келдік. Бұл жылдар қазақ елі өз алдына автономиялы республика болыпты. Жұбандық болыстық ячейканың секретары екен».
Азамат соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін Жұбандық Болғанбаев 1923 жылы Бұқтарма уезі Шыңғыстай еліне (қазіргі Катон-Қарағай ауданы) халық соты болып тaғaйындaлaды. Сол жерде қосшы, батрақ, кооперация ұйымдарын құру, байларды конфескелеу icтepiнe белсене қатынасады.
Жұбандық 1927 жылы ecкi жарақатының зардабынан қайтыс болды. Ол өзінің барлық саналы өмірін совет өкіметі үшін арнаған ер большевик еді. Жұбандықтың әйелін ауыл байлары 1928 жылы тipiдей тасқа бастырып өлтіред1.
Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданындағы «Қара-лашық» аталған Жұбандық ауылы осы күнгі Аманкелді және Жамбыл атындағы екі миллионер колхоз, сол колхоздардың қариялары «бізді бipлесіп еңбек етуге, отырықшы болуға үйреткен советтік құрылыспен Ленин партиясын ардақтауға үйреткен Жұбандық еді» деп аса құрметпен атап, ризалықпен естеріне алады.

 

Дайындаған: Г. Жұмағұлова,
өлкетану ақпараттары орталығының жетекші маманы.
// Мәдениет жаршысы  — Вестник культуры. - 2007.- № 11. - С.28 - 29.

 

 

Главное меню

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Rambler's Top100

Наш опрос

С какой целью вы приходите в библиотеку?

 

 

 

 

 

 


  Нәтижелер

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде, сонымен қатар біздің "Мереке - Праздник для всех" газетіне жарнама орналастыру бойынша мына телефон арқылы +7 7232 25-03-64 және ukcbs@mail.ru хабарласуға болады.